Форум қонақтары "Ақтөбе" индустриялық аймағында болды

Форум қонақтары "Ақтөбе" индустриялық аймағында болды
07.12.2018 Жалпы

 «AKTOBE INVEST 2018» VI халықаралық инвестициялық форумы аясында қонақтар «Ақтөбе» индустриялық аймағына барып, бірқатар ірі жобалардың қызметімен танысты.

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік кооперациясы жобаларды дайындау департаменті директорының орынбасары Әнуар Асыловтың баяндағанындай, аймақта 74 миллиард теңге көлеміндегі, 1775 жұмыс орнын қамтитын 20 жоба жүзеге асырылуда. Оның алтауы Германия, Швейцария, Болгария тәрізді шетелдерден қаржы әкеліп отырған жобалар. Қазір 4 объект толық пайдалануға беріліп, бүгінгі күні жұмыс істеп жатыр. Тек биылғы жылы 6 компания құрылыс монтаж жұмыстарын аяқтаған. Жаңа жылдың бірінші тоқсанында олар салып жатқан объектілер іске қосылады.

Индустриялық аймақтың ауқымды алаңының қазірдің өзінде 71 пайызы игерілген. Осыған қарап-ақ мұндағы жұмыстың қарқынын бағалауға болады. Өйткені мұнда шын мәнінде инвесторлар қызығатындай барлық жағдай жасалған. Қуат көздерінің тарифтері арзан. Жұмыс күші жеткілікті және бағалы. Тұрған жері экологиялық жағынан таза, қатынасқа ыңғайлы. Бір сөзбен айтқанда, аймақ бизнес бастауға барлық жағынан қолайлы.

Мұны индустриялық аймақтағы бүгінгі атқарылып жатқан бірқатар жобалармен танысқан кезде форум қонақтарының өздері де көріп, мойындады.

«Зерде Керамика Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіпорыны италяндық технологияны пайдаланып, керамограниттен жасалған бұйымдар мен керамикалық плиталардың өндірісін жолға қоймақ. Ол үшін 9,2 миллиард теңге инвестицияланып отыр. Кәсіпорынға қазір жабдықтар жеткізілуде. Осы жылдың аяғына дейін жабдықтар толық жеткізіліп, алдағы жылдың мамыр айында өндіріс іске қосылмақ. Сол кезде мұнда 180 адам жұмыс істейтін болады.

Қонақтар таяудағы Ақтөбеге сапары кезінде Елбасы ашқан «Фаэтон» компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің А класындағы логистикалық орталығы туралы мағұламат алып, резиналық қаптамалар мен жамылғылар шығаратын TALAN tehnology кәсіпорынында болды. Болашағы зор бұл бизнес кәсіпорыны ірі тау-кен және мұнай өндіретін компаниялардың қалдықтары мен Қазақстанның батысындағы және Қостанай облыстарынан көне шиналарды жинап, қайта өңдейді. Сөйтіп инновациялық технологияларды қолдана отырып, жоғары сапалы қауіпсіз қаптамалар шығарады. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы — жылына 72 мың шаршы метр.

Қазірдің өзінде Қазақстан нарығына полиэтилен пакеттерін жеткізуді толық меңгеріп отырған «Поливест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісі мен антифриз өнімдерін шығаратын кәсіпорынның тәжірибелері қонақтардың қызығушылығын туғызды.

Қарағандылық «Сарыарқа» ӘКК» акционерлік қоғамының инвесторларды жабдықтау орталығының директоры Дәулет Бегімов Ақтөбеге алғаш келгенін, әйтседе көп жаңалықтарды көріп, мол тәжірибе алғанын, алда әріптестік қатынасты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Ақтөбедегідей индустриялық аймақ Қарағандыда әзір жоқ екенін, мұндағы нәтижелерге шын сүйсінгенін айтты.

Башқұртстанның Уфа қаласынан келген түрлі күрделі металл құрастырмаларының, құрылыс материалдар жиынтығының, құрылыс-монтаждау жұмыстарының ірі жобаларын жүзеге асыратын жоба жетекшісі Найль Агадуллин өздерінің біраз жерге қызметімен танылғанын, Ақтөбе облысында билік тарапынан инвесторларға жасалып отырған қамқорлықтың ерекше екенін, қаржы салып, бизнес жүргізуге қолайлы өңір болып отырғанын, сондықтан оған кіруге ұмтылатынын білдірді.